- Алланың өзі де рас, сөзі де рас,
- Рас сөз ешуақытта жалған болмас.
- Көп кітап келді алладан, оның төрті
- Алланы танытуға сөз айырмас.
- Аманту оқымаған кісі бар ма?
- Уәктубиһи дегенмен ісі бар ма?
- Алла өзгермес, адамзат күнде өзгерер,
- Жарлық берді ол сіздерге, сөзді ұғарға.
- Замана, шаруа, мінез күнде өзгерді,
- Оларға кез-кезімен нәби келді.
- Қағида шариғаты өзгерсе де,
- Тағриф алла еш жерде өзгемеді.
- Күллі махлұқ өзгерер, алла өзгемес,
- Әһлі кітап бүл сөзді бекер демес.
- Адам нәпсі, өзімшіл мінезбенен
- Бос сөзбенен қастаспай, түзу келмес.
- Махаббатпен жаратқан адамзатты,
- Сен де сүй ол алланы жаннан тәтті.
- Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
- Және хақ жолы осы деп әділетті.
- Осы үш сүю болады имани гүл,
- Иманның асылы үш деп сен тәхқиқ біл.
- Ойлан дағы, үшеуін таратып бақ,
- Басты байла жолына, малың түгіл.
- Дін де осы, шын ойласаң, тағат та осы,
- Екі дүние бұл тасдиқ— хақтың досы.
- Осыларды бұзатын және үш іс бар:
- Пайда, мақтан, әуесқой — онан шошы.
- Руза, намаз, зекет, хаж — талассыз іс,
- Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
- Бастапқы үшін бекітпей, соңғы төртті
- Қылғанменен татымды бермес жеміс.
- Бас жоғары жаралған, мойын төмен,
- Қарашы, дене біткен ретімен.
- Істің басы — ретін танымақтық,
- Иман білмес тағатты қабыл демен.
- Имамдар ғибадаттан сөз қозғаған,
- Хуснизән мен иманды білді ойлаған.
- Иманның тазалығын жақсы ұқтырмай,
- Сыртын қанша жуса да, іші оңбаған.
- Алла мінсіз әуелден, пайғамбар хақ,
- Му'мин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.
- Құран рас, алланың сөзідүр ол,
- Тә'уилін білерлік ғылымың шақ.
- Алланың, пайғамбардың жолындамыз,
- Ынтамызды бұзбастық иманымыз.
- Пайда, мақтан, әуесқой — шайтан ісі,
- Кәні біздің нәпсіні тыйғанымыз?
- Мү'мин болсаң, әуелі иманды бол,
- Пендеге иман өзі ашады жол,
- Шын илан да, таза ойла бір имаңды,
- Мұнафиқ намаз қылмап па, мағлұм ғой ол.
- Алла ішінді айтқызбай біледі ойла,
- Пендесіне қастықпен кінә қойма.
- Распенен таласпа мү'мин болсаң,
- Ойла, айттым, адамдық атын жойма!