- Пайда ойлама, ар ойла,
- Талап қыл артық білуге.
- Артық ғылым кітапта,
- Ерінбей оқып көруге.
- Военный қызмет іздеме,
- Оқалы киім киюге.
- Бос мақтанға салынып,
- Бекер көкірек керуге.
- Қызмет қылма оязға,
- Жанбай жатып сөнуге.
- Қалай сабыр қыласың,
- Жазықсыз күнде сөгуге?
- Өнерсіздің қылығы –
- Тура сөзін айта алмай,
- Қит етуге бата алмай,
- Қорлықпенен шіруге.
- Аз ақшаға жалданып,
- Өнбес іске алданып,
- Жол таба алмай жүруге.
- Алыс та болса іздеп тап,
- Кореннойға кіруге,
- «Талапты ерге нұр жауар»,
- Жүріп өмір сүруге.
- Я байларға қызмет қыл,
- Ерінбей шауып желуге.
- Адал жүріп, адал тұр,
- Счетың тура келуге.
- Жаныңа жақса, соңынан
- Жалқауланба еруге.
- Қисық болса, закон бар
- Судьяға беруге.
- Ол да оязной емес қой,
- Алуға теңдік сенуге.
- Я өз бетіңмен тәуекел,
- Занимайся прямотой.
- Жеңіл көрме, бек керек
- Оған да ғылым, оған да ой,
- Калайынша қайда енуге?