Шәкәрім Құдайбердіұлы
Қара сөз

Үш анық

I· Кіріспе
  1. Адам ақиқатты бас көзімен көрмейді, ақыл көзімен көреді. Біліп жаратушы – тәңірі, өлімнен соң бір түрлі тіршілік бар. Екі өмірге де керектісі – ұждан. Ұждан дегеніміз – нысап, әділет, мейірім.
II· Сөз басы
  1. Келді, кетті,
  2. Толды, солды,
  3. Өзгеленді бұл әлем.
  4. Туды, өлді,
  5. Жанды, сөнді,
  6. Өршіп өнді қайтадан.
  7. Дөңгеленткен,
  8. Өңгеленткен
  9. Білімсіз күш – күш пе екен?
  10. Тіпті мінсіз,
  11. Кемшіліксіз
  12. Есті қылған іс пе екен?
  13. Жан деген не,
  14. Мүлде өле ме,
  15. Семіп о да сөне ме?
  16. Жоғары өрлеп,
  17. Дене жөн деп,
  18. Жаныңмын деп келе ме?
  19. Осы дүниедегі кішкентай, көзге ілінбейтін жандардан бастап, адамдарға шейін бәрі өзі һәм нәсілдерінің жақсылығын бөліп, өсіп-өнуге қам қылады. Мұны «барлық таласы» дейді. Бұл – жаратылыстың берік жолы. Сондықтан барша адам шамасына қарай жақсылық, бақыт іздейді.
  20. Тіршілік туралы адам арасында көптен бері айтылып келе жатқан екі түрлі жол бар. Бірі – дене өлсе де, жан өлмейді, жоғалмайды; өлгеннен кейін де осы күнгі тіршілікке мүлде ұқсамайтын бір түрлі тіршілік өмір бар; сондықтан адамдар жалғыз ғана дүние тіршілігін ойламай, сол соңғы дүние өмірінде де жақсы, бақытты болудың қамын ойлай білуі керек дейді. Мұны ақырет дейді, өлгеннен соңғы өмір жолы дейді.
  21. Енді бір жол – бұл әлемдегі барлық нәрсенің бәрі өздігінен жаралып жатыр, оны былай деп жаратқан ие жоқ һәм өлгеннен соң да тірілетін жан жоқ дейді.
  22. Менің ойымша, осы екі жолдың қайсысы анық екенін табу – ақылы сау адамға қатты міндет.
  23. Сол жүйеден барша адамды бақытқа жеткізуді ойласақ, біліп жаратушы ие бар, өлгеннен соң бір түрлі өмір бар дегеннің шын-өтірігін білу керек. Егер шын болса, соның қамын ойлап, адамдарды түпкілікті бақытқа жеткізу үшін, мүбада өтірік болса, оған да әуреленбей-ақ жалғыз осы дүниенің қамын қылу үшін, оны тексеру үшін әртүрлі діндер жинап, әртүрлі ғылым жинап, әртүрлі білімділердің ол туралы жазған кітап, айтқан сөздерінен хабары болу керек. Өте-мөте қатты бір керек шарты – өзінің ұстаған дінін оқыған, ұғынған қалпынан асырып алмай, «пәленшекең, жақсы кісі айтыпты» деп сеніп қалмай, біржола сол ұғымға байланып қалмай, өз ақылына әбден айқын бола алатынын шындыққа сүйеніп тұрып, сол екі жолдағылардың жазған кітап, айтқан сөздерін сынау керек. Әйтпесе адам әдет-ғұрып, ақылдан шыға алмай, арқандаулы ат сияқты болады. Және өзінің мынау жөн дегенін халық алдына салған дұрыс. Неге десең, қайбір іс болса да, әбден сыналып, тазарған соң шындық ашылады. Ал екі жолдың қайдан шыққанын тексерсең, адамдардың іздеуі және барша әлемдегі нәрселер қайдан пайда болған, кім жаратқан деген ойдан шыққан. Неге десең, адамның ақылы оны ойламай тұра алмайды. Және адам баласы жаңалық бір нәрсе көре қалса, оны кім жасады екен, әрі не үшін керек демей тұра алмайды. Сондықтан жаратушыны іздеген әркім әр түрлі ой жүргізеді.
  24. Тіпті ескі замандағы адамдар да жаратушы туралы әр алуан топшылау ой жүргізген. Олар о баста бір нәрсенің өзіндік ерекшелігіне қарап, осында жаратушының қасиеті бар деп, күн, ай, от, ағаш, асыл тас сияқты нәрселерге табынған. Немесе әр алуан жаратушы бар ғой деген оймен бірнеше сурет салып, соған да табынған, онымен де тұрмай, әдетте сау адамның істей бермейтін істерін де істеген: алдамшы, жәдігөй, бақсы, балгер, дуана сияқтыларды да тәңірінің орынбасары болар деп, сондайларға да табынған.
  25. Сүйтіп соқыр кісідей сандалып жүргенде пайғамбар деген шығып, «барлықтың (не нәрсенің) бәрін жаратқан ие бар, өлгеннен кейін болатын бір тіршілік бар, осы өмірде қылған ісіңе қарай, ол өмірде өлшеусіз бақ, қиын азап бар; мұны бізге сол жаратушы ие білдірді де, сіздерге ұқтыруға бұйырды маған» деген.
  26. Ол кездегі адамдардың бірқатары бұған нанса да, бірқатары нана алмай, бұрынғы қалыптасқан әдеттерінен шыға алмаған.
  27. Енді бізге біліп жаратушы ие жоқ, өлгеннен соң өмір жоқ дейтін ойдың түбінде осы барлық адам неден бар болды деген ойлаудың жемісі екендігі төмендегі сөзден мәлім болады.
  28. Ескі заманның білімділері әр нәрсенің түп негізі неден жаралды дей отырып, яғни жаралысты тексере келіп, тамам нәрсенің түп негізі төрт түрлі нәрседен деп білген. Олар: от, су, топырақ, ауа. Одан кейін замандар өте келе әлденеше жүргізілген зерттеулер арқылы түп негізді таба-таба, байымдай жүріп, жақынғы заманда барлық нәрсенің түп негізі 80 шамалы нәрсе екенін аңғарды. Сүйтіп білгірлер әр дененің көзге көрінбейтін құраулардан қосылып, құралғанын таба білді. «Адам өлген соң дененің барша құраулары шіріп, бытырып, шашырап, әрқайсысы өз атомдарына қосылып, ұсақ бөлшектеніп кетеді де, жан деген біржолата жоғалады. Сондықтан өлген нәрседе қайта тірілу жоқ» дейді.
  29. Жақын кезде шыққан бір кітаптарда Европаның осы кездегі білімділері атомды электр қуатымен әлденеше бөліп, сол ұсақтың атын электрон қойсын дейді. Осы бір майда бөлшектің аты арабша да болса керек еді. Жақында бір оқыған кітабымда мұны «қиқатул камара байбаз» депті. Мағынасы «электр талқаны-ау» деймін. Мұндай болғанда, атомдар да бөлінетін болғаны ғой. Ал осы кездегі білімділер жоғарыда аталған 80 шамалы ұсақ негіздің бәрінің түп негізі бір ғана нұр деп жүр дейді. Олай болса, барлық әлемнің түп негізі нұр болғаны да. Нұр жарық қой. Күн жерден бір миллион үш жүз есе үлкен. Жер мен күннің арасы 140 миллион шақырым. Нұр күннен, оттан шықса да, жан-жағына күлтеленіп шығады. Нұр секундына 280 шақырым жүреді. Күннің нұры жерге 8 минут 18 секундта келіп жетеді. Күннен алыс кейбір планета жұлдызының нұры жерге үш жылда жететіні бар. Тіпті онан алыстағы аспан денесінің нұры жерге бір мың жылдай уақытта әзер жететіні бар. Нұрдың жүзін орысша Юпитер, қазақша Мұштари деген планетаның [...] төрт жолдасының Юпитер айналғанда 12 жылға жақын мезгілде бір айналып шығатыны бар.
  30. Бұл нұрдың жайын жазғандағы мақсатым мынау: нұр өздігінен пайда болмаған, бір нәрседен шығатын нәрсе, оның да үнемі қозғалыста болып тұратыны есте болсын. Және бәрімізге барлық әлемнің ұшы-қиыры жоқ зор екені белгілі. Осы үлкен әлемге қарағанда, бізге білінбегендерінің есеп-қисабын өлшеуге келмейтіні оқушының ойында болсын. Жоғарыда айтылған барлықтың барлығы өздігінен жаралып жатыр, оны былай деп жаратқан ие жоқ дейтін болжам әлдеқашаннан айтылып келе жатса да, әсіресе XVII-XVIII-XIX ғасырлардың аяқ шеніне дейін Европаға көбірек жайылды. Олардың дәлелділерінің негізі жоғарыда азырақ айтылып еді. Солай бола тұрса да, тағы да біз білген дәлелдердің күштірек дегендерін қайта атап өтейін.
III· I дәлел: ҚАЙТА АЙНАЛЫС ЖОЛЫ
  1. Барлық нәрсенің түп себебі бұрыннан бар қуатты дене [...]. Бұл нәрсені заряд дейді. Қаншалық ұсақтаса, ақырында тіпті бөлшектеуге келмейтін болады. Сол бөлуге келмейтін түп негіздердің атын европаша атом дейді. Арабша мадда немесе әсер деп атайды. (Біздің қазақ тілінде атауы жоқ болғандықтан мен бұл кітапта атомды мадда, я атом деп атадым).
  2. Сүйтіп сол барша нәрсе сол 80 шамалы атомдардың бір-біріне қосылғанынан дене жасалып, әлденеше түрге бөлініп, бірінен-бірі өршіп, жаралып жатқанын тапқан. Мұны алғашқы тапқан Юнан (грек) жұртының Пифагорс деген білімдісі. Кейінгі біреулердің айтуына қарағанда, Пифагорсты Финикия жұртынан үйренді дейді. Ондай болса, алғаш табушы Финикияның Сит деген қаласынан шыққан Мусхус деген адамы болады. Мейлі, кім бұрын тапса да, бұл атомды басында оның не нәрседен жаралғанын, не іске жарауын білу үшін іздестірудің жемісі деп білу керек. Кейін гректің Апигорс, Демократис деген білімділері сол атомды дәлел қылып, барлық әлем сол атомнан өршіп-өніп, оны былай етейінші деп біліп жаратқан ие жоқ дейтін бір жолға негіз салды.
  3. Араб жұртының патсалығы зорайып, көп елді қол астына қаратқан Аббас тұқымы патса болған кезде Юнан білімділерінің жазған кітаптарын араб тіліне көшіргенде осы атом туралы сөз араб тіліне аударылып еді. Соған байланысты кейінірек мұсылман ғұламаларының арасында «осы дәлел бұрыннан бар ма, соңынан жаралды ма» деген даудың енуіне, мінеки, осы атом ұғымының пайда болуы себеп болды.
  4. Соңғы кезде Европаның Гасти, Дикрит, Ньютон, Ниптон, Юнг сияқты ойшылдары бұрынғы Апигорс, Демократистардан қалған «жаратушы ие жоқ» деген жолды қайта жаңғыртып, Европа арасында сол дәлел пайда болды. Бұл ойшылдардың дәлелдеуінше, әр нәрседе бірін-бірі тартатын қуат барлығы, оны орысша «притяжение» дейтіні, ал арабша «тажарлық» деп атайтыны, мұны алғаш тапқан Англияның Исаак Ньютон деген ойшылы екені айтылады. Бұл түйінді XVII ғасырда ұлы ойшыл Карде алманың үзіліп жерге түскеніне қарап ойлап тапқан көрінеді. Ал біліп жаратушы ие жоқ дегенді ұғымдырақ етіп айтсақ, әлемдегі не нәрсенің түп негізі 80 шамалы атом, солар біріне-бірі тартылыс қуаты заңымен қосылып, дене жасап, бірінен-біріне өтіп, өніп я өзгеріп жатыр, оны былай етейін деп, әрқайсысын әр бөлек жаратып басқарған ие жоқ. Сондай-ақ жан деген өз алдына бір нәрсе емес, сол атомдардан жаралған денелердің қозғалысы өзгерістерінен шыққан бір сипат қана. Не нәрсені өсіріп, өндіретін сол. Дүниеде ешбір зат жоғалмайды, бірақ өзгереді. Бар планета (жер, ай, күн) болсын, басында газ түтіні сияқты бір жалын болып тұрған, тіпті кейін көп уақыт өте келе әлгі жалын болып тұрған нәрсе сұйық болып көлкіген. Одан соң тағы көп уақыт өте келе салқындаған, қатты денеге айналған. Осылардың нақ мысалы қазіргі біз білетін жер, ай, жұлдыз болады. Дагенмен осы сияқты планета атауының өздері мәңгі осы бір қалпында қалмайды. Бұлар да бірталай ұзақ уақыт өте келе біріне-бірі қозғалыс барысында соқтығысып қалып, белгілі себептермен тағы да газға айналады. Онан кейін сұйық затқа айналып, онан қатты дене болып қатаяды. Сүйтіп сол үш өзгеріс күйіне түседі де жүреді. Бұлар қайта қатайып, қатты дене болған кезде бастапқысынан я үлкен, я кіші, я бұрынғысынан өзгеше дене болып қалыптасуы мүмкін. Сол сияқты әлгіндей ұлы өзгерісті қайта жаралыста жер де, айуан да, адам да, өсімдіктер де болады. Бірақ өлгеннен соң бізден сезім кетіп, біз сол өзгерістерден еш нәрсе сезбейміз. Сол қайта жаралыста білім, шаруа, байлық, дене сияқтылар бүгінгіден мүлде басқа түрде болады. Сонымен бірге барлық әлем біржола газ болмай, бір жағы газ болып жатқанда, бір жақтағылары қатайып, қайта жаратылып жатады.
IV· II дәлел: ЖАРАТЫЛЫС ЖОЛЫ
  1. Мұқым барлықтың бәрін бар қылып тұрған жаратылыс жолы. Ол сондықтан соның бәрін өзгертіп жатқан түп негізінде, өзінен не шығып, өзінде не болып жатқанын да сезбейді дейді. Сондай-ақ біліп жаратушы ие бар деген бекер сөз. Ол жаратылыс жолымен жаралғандардың өзінен бөлек нәрсе емес, осыдан бөлінбейтін заң. Осы әлемдегі барлықтың бәрі де сол заңмен еріксіз жаралып жатыр. Ол заң өсіп-өнуге, жоғарылауға ұмтылып, ең жақсысын жайлап алады. Сондықтан бұл әлемдегі планета жұлдыздарының жаралысы, жүрісі, адамның, айуандардың, өсімдіктегі әр нәрсенің дене бітімі, жаралыс реттері толық жарасымды, мақсатты жолмен жаратылған.
  2. Бұл айтылғандар – философ Ламетри сөзі.
V· III дәлел: ТҰҚЫМДАСТЫҚ ЖОЛЫ
  1. «Жоғарыда айтылғандар: бар нәрсе өздігінен жаралып жатқан соң жаратушы деген жоқ, құрлықтағы хайуандар, ағаштар, құстар, адамдар, өсімдіктер – бәрі теңізден туған. Теңіз жерді орап алғандықтан су хайуандары, өсімдіктері құрлыққа шыққан. Жер жүзінде өсетін жандылардың бәрі о баста су хайуаны болған. Неге десең, қырда не түрлі жандылар болса, теңізде де соған ұқсас жандылар бар. Теңізде жылан, ит сияқтылар болумен бірге, құс сияқты жандылар да бар. Сондықтан бұларды өз алдына бөлек-бөлек тұқым етіп жаратқан ие жоқ» дейді философ Майе.
VI· IV дәлел: ДЕНЕ СЕЗІМІ
  1. Біз әр нәрсені денедегі сезіміміз арқылы білеміз. Мұқым барлықтың бәрі жаратылыс жолымен еріксіз бар болып жатқанын көріп отырмыз. Біз оны жаратып жатқан құдайды ешбір дене сезімімізбен сезгеміз жоқ. Егер шын біліп жаратушы ие болса, бұл жаратылыс себептерінің еш керегі жоқ болар еді. Егер бір жаратушы тілді құдырет бар болған соң, бұл себептердің керегі не? Сондықтан біліп жаратушы жоқ.
  2. Бұл айтылғандар – Фошна сөзі.
VII· V дәлел: ӘР ТҮРЛІЛІК
  1. «Әр түрлі дүниеге қарасаң, мысалы, тас, ағаш, басқа өсімдіктер, хайуандар, адамдар, су, от сияқты бір-біріне ұқсамайды. Бұл нені көрсетеді? Бұл нәрселер қалай болса солай, кез келген себебіне қарай жаралып жатыр. Оны былай болсын-ау дейтін нақты жаратушы жоқ екені, міне, осыдан мәлім» дейді ұлы ойшыл Демокрит. (Бұл ¬Ғайса пайғамбардан 300 жыл бұрынғы грек философы).
  2. Жоғарыда айтқанымыздай, міне, осындай біліп жаратушы жоқ деген сөздер XIX ғасырдың аяқ шеніне дейін Европа ішіне көбірек жайылды. Онан кейін бұл көзқарас нашарлады. Оның себебі – магнитизм, спиритизм, телепатия дегендердің шыққаны болды. Мұның мәнісін мынадай ұғымдарынан көрелік:
  3. Магнитизм – бір адамның жанына жанның қуатымен әсер беріп, еріксіз ұйықтатып, сонан өткен бір істі немесе келесіде болатын бір істі сұрап, ғайыптан хабар айтқызады, тағы басқа істер істейді.
  4. Спиритизм – өткен адамдардың жанын шақырып алып, кейде ғайыптан хабар алғызады, кейде қағаз да жазғызады.
  5. Телепатия – тіпті алыстағы тірі адам жаны мен өз жанын хабарластырып, оған ойлағанын істете алады.
  6. Осындай адам таңғаларлық, бұрын сыры беймәлім метафизика – жаратылыс жолынан жоғары қуат барлығы анықталған соң, бұрынғы дене сезіміне ғана нанып, онымен білінбеген нәрсені жоқ деп жүргендердің ойын шатастырып, басқа ойға түсірді. Олар анықтап білдік деседі. Сонда да бұларға жанның түп негізі білінбегенмен, сау сияқты дене өлгеннен соң да сол жанның өз алдына біреу болып, бұл дүниеде жәрдемші екенін білдік дейді.
  7. Тағы бір дәлел – XIX ғасырда француз адамы Арлеан Гардта айтуы осылай. Бұл жан жасарып алатын спирит дейді. Жандар өз денелерін біз сияқты барлай алады. Ал біздің әрқайсымыз тірі күнде адам атанып, өлген соң жан боламыз. Бұл дене – жанға ортақ дене. Жансыз екенін еш нәрсе сезбейді. Ортақ дене тірі күнде ортақ дене болып, өлген жанмен бірге кетіп, біржола бар болады дейді. Жаралыс жолы физика ғылымымен табылмайтын, сыры білінбеген нәрсе туралы Европа білімділерінің сөзі мынау: Атақты философ Август (испан): «Білгіш ғалымдар жаратылыс ғылымының әр тарауында азғана, тіпті ғылымның аз да болса, әлі білінбеген, тіпті шешілгендерінің өзінде де білінбегендері жоқ есепті болып қалатынына еріксіз мойындайды», – депті. Екінші, Биу деген білімді былай депті: «Барлық жаралыстың заңдарын ойласам, ұғындыруа шамам келмей таңғалам. Кейбір жазушылар бізді қанағаттандырмақ болып, терең ойларды білгізбек болып, көп кемшілікті, ұғымсыз дәлелдерді жазады. Менің ойымша, солардың атаған себептері, мейлі қойған атаулары жаратылыс жұмбағына қарағанда бұрын сөз болып қалатыны шын батырлықпен-ақ көрсетілген». Гедрит деген ғалым «есепсіз күн сайын білінуі қиындаған сырлар туралы қанша дау айтып, ой жүргізсе, соншалық ашық форма адамда, адамнан өсетін әр нәрсені барлыққа келтіруші бұрыннан бар жоғалмайтын бір қуаттың барлығы аңғарылады» дейді.
  8. Профессор Юнг «Білім айналасында» деген кітабында: «Жаратылыс, физика ғылымдарының бізге керектігі – олар біздің тоймаған ақылымызды тойғызуында емес, олардың ең зор керектігі – барлықтың бәрін жаратушы иені танытуға қарай жетелеуінде. Сонымен бірге оның құдіреттің өлшеусіз зорлығымен біздің сезімімізді таң қалдыруында», – деп түсіндірді. Русұ деген атақты жапон ақыны: «Мен бастабында адам тәңірінің барлығына нанбаса да, толықтыққа жетеді деп ойлаушы едім. Аяғында ол ойым бекер екен. Адам білгір тәңірінің барлығына ақылымен нанбай тұрып, толықтыққа жете алмайды екен», – депті.
  9. Зор философ Беренгия да: «Жан мәселесін шешу уақыты таянды», – деген.
  10. Жан Жак Руссо, Мадинин, Лемне, Мешель, Келпе сияқты жүздеген білімділер адамның ішкі идеясын тексеріп, дүниені қайтадан (жаңадан) қаптаса керек деп тұжырымдайды.
  11. Жоғарыда аталған философ адамдар, олардың пайымдауынша: Адамдар жаратылыстың негізгі білуге соншалық нашар, әлсіз; адамның әлі білмегеніне қарағанда білгені соншалық жоққа есеп. Сүйте тұра адамдар себебін, мәнісін білмеген істі біржола жоқ деп қалай таласады? Мұның себебі: дене сезімімізбен ғана сезіп, басқаға нанбай, терең ойламағандықтан. Сүйтіп, ой жалғыз дене сезіміне ғана нанып құрылса, көп шатақ, даулар, ойлар туылмас еді деп жаратылыс жолымен ғана қуып, сыры табылмайтын метафизика істі ойлауға бөгет болуын да ойласқан. Мәселен, Август Кант фузотизм «шын анық» деген бір жол шығарды (бұл адам 1797 жылы туып, 1857 жылы өлген). Бұл «шын анық» жолының қорытындысы мынау: Көзіміз көріп, өзге сезіммен әбден анықталмаған Келестроның ісін анық түзеп алса болғаны.
  12. Бұл жандардың насихатымен аты аталған Арлилан Кардтің шын аты – дуалы. Ол да жан насихатымен өзгертілген. Заты – француз. Осы күнгі Франция спириттерінің жолы. Бірақ француздар ғана ұстайды. Англия спириттері оны теріс дейді. Арлиландікі брахман дініне ұқсас. Мәселен, өлгеннен кейін жан бір хайуанға кіріп, сонан тағы біреулерге кіре-кіре әбден таралады дейді. Мұны жандар айтады деседі. Англия спириттері материализмге, жаралыс жолы дегенге ұқсайды. Кейінгі басқа оңалуы мұндай бір-біріне шатақ жан [...]. Дегені Арлилан Кардтың себебімен көрсетеді. Мәселен, олар адамдармен хабарласатын төмен дәрежелі жандылар болады. Сондықтан олардан шатақ сөздер де болатыны содан дейді. Бұл пайымдаушылар Арлилан Кардтың «Лажаир» деген кітабында спирит жайында, әсіресе, жан жайын әңгіме сияқтандырып, мысалдап, әдемі суреттейді. Мұның қылған істері көп. Оның бәрін жазбай-ақ, спириттердің сырын табамыз деп әуреге түскен білімділердің бірер сөзін айта кетейін. Морсла Шатр деген білгір «Білімді лұғат» атты кітабында былай дейді: «Спирит туралы ойлаған ойлар бұрынғы ойды өзгертіп, жоғарырақ ойлағандарды таң қалдырар. Бұл спиритизм тамам ғылымды жұрттың арасына кіріп кетуі ықтимал. Мұны кешікпей-ақ анықтап жарыққа шығарушы Арлиан Кардты XIX ғасырдың ең зор ғылыми өнер шығарушы дегізер».
  13. Магнитизм, спиритизмді «жәдігөйлік, мұның сырын ашып масқара қылайық» дейтін Европа білімділері бұл істің ізіне түсіп тексере келе, бір қуаттың барлығына көз жеткізіп, еріксіз мойындады. Кейбір білімділер мұны өз сынынан өткізіп анықтады да. Дегенмен мұның түпкі себебін тапқан әзірше ешкім жоқ. Енді соны іздеген білімділердің сөзін айтайын. Белгілі ғалым Оймонмир: «Мен басында спиритизмге күліп едім. Енді оным ақымақтық екенін білдім», – десе, «Рейн» газетінің тілшісі, ғылым туралы шолушы доктор Мания: «Бұл спиритизм материалист физиктердің, дене жаралыс жолын қуғандардың қуалаған ісі, ол балта көрмеген орман ағаштай өсіп жоғарылауда», – дейді. Тағы сол газеттегі бас жазушысы Огусбид Даугалай былай дейді: «Алғашында Америкада таяқ жеп, аяғында 19 мың адам нанып қол қойған спиритизмге өзім де тәжірибе жасап көріп, еріксіз нандым». Бұл туралы жазған оның «Миетуства» деген кітабы бар. Онда әйелдің істері туралы сөйлейді. 1896 жылы медицина дәрігерлік факультетінің профессоры доктор Физгаим магнитизммен бір адамды ұйықтатып, сынағанын айтады. Ол ұйықтап оянғанда: «Артыңдағы күміс сағатты ұрлап қалтаңа тық, мен көрмедім», – дейді. Артындағы күміс сағатты алып тұрады да ол: «Жоқ, бұл ұрлық болады, жарамайды», – деп қайта қояды. Ұғындыруым нашар болғанын біліп бір күні әлгі кісіні тағы ұйықтаттым. Онда: «Артыңдағы үстелдегі күміс қасықты ұрла! Ұрламасқа лажың жоқ, қалтаңа тық, мен көрмедім», – дейді. Ол оянғанда артымдағы үстелге қарап қасықты алдым. «Алмасқа лажым жоқ деп, – қасықты қалтасына салып, – мен көрмедімғ,– дейді. 1893 жылы Парижде шыққан «Клуб» газетінің 14 июньдегі нөмірінде Грамия Роксуан қол қойған «Ұйқыда кезу» деген мақалада былай делінеді: «Балеропар көшесінде 243 нөмірлі үйде доктор Комттың ауру қарайтын бөлмесінде гипнотизм жолымен қатты ұйықтаушыны көрдік. Лабутр деген [...] көрді. Мұнда 22 жасар әйелдің шіріген тісін докторға алғызу үшін әдейі ұйықтату жасалған. Әйел оянғанда: «Ешнәрсе сезбедің бе?» – деп сұраған. Ол : «Ешнәрсе сезбедім», - деп жауап берген. Мұндағы ұйықтату кезінде әлгі әйелдің бетіне, білегіне, тіпті тіліне ине сұғып шаншылаған екен. Ол онан түк те сезбепті. Тіпті доктор әлгі әйелді ауырсындырмақ болып, тісінің етін қандауырмен тіліп, тісін суырғанда түк білмеген. Оянғаннан кейін ол да еш жері ауырмағанын айтқан. Сонда мұны 20 шақты кісі көріп тұрдық.
  14. Бұдан 30 жыл бұрын июнь айында Қытай теңізінде Францияның бір пароходында спиритизм туралы сынау жүргізіледі және жан шақырып сөйлесу болады. Мұнда өлген бір жолдастарының жаны келіп: «Мен өлмей тұрып осы пароход капитанынан 5 франк 25 цент ақша қарызға алып, соны төлей алмай өліп едім. Сол маған қиын болып жүр. Сіздер маған мархабат етіп, капитанға сол ақшаны төлей салыңыздаршы», – деген. Бұл істі капитаннан сұрастырса, капитан ұмытып қалыппын дейді. Бірақ әлгі адамдар капитанға жалынып, сол жылы естелік кінағасын қараса, әлгі айтқан сөз дәп-дәл шыққан.
  15. Марселияда тағы осындай бір сынау жасалып отырғанда, оларға бір жан келіп: «Бөлмеңіздегі бірнеше саудагерді шақырыңыз, соларға айтатын сөзім бар», – дейді. Мұндайға нанбайтын, мұндайды жәдігөй дейтін саудагерлер басы әлгі ұсынысқа бірден көнбейді. Бірақ жаңағы жан: «Саудагерлер жиналсын, Қызыл теңізге жіберілген кемешілердің хабарын айтайын», – дейді. Сонан соң саудагерлер жалынып-жалпайып жиналып келгенде жан айтады: «Мені қаралағанда не табасыңдар? Сорлы, сен сәрсенбі күні Қызыл теңізге бір кеме жібердің. Сонша қант, сонша қызметші, сондай жолаушы бар. Капитаның пәленше 12 сағаттан кейін толқынға ұшырап, жағаға тоқтап, мұнысын күзетіп жүрді. Юнан жиегіне дейін жақын барса да, Юнан тұмсығында қатты толқын болып, компас жоқ, кеме жолдан адасты. Таңға жақын бір нәрсеге соғылып, еш адам тірі қалмай бәрі суға кетті. Мен солардың бірінің жанымын. Саған хабар бергелі келдім. Мұны үкімет естіп, тексергелі жатыр. Бүрсігүні престенге хабар келеді. Сонда менің жәдігөй емес екенімді білерсің», – дейді.
  16. Расында әлгі жан айтқандай кеме туралы қайғылы хабар келеді. Айтылған сөз дәл шықты.
  17. Бұдан басқа спиритизм жайын тексеруші Узен Тос былай деп жазады: “1759 жылы Англия әскері Американың тұрғын халқымен соғысқанда командашы Спрдолемен деген кісі Фнан сурет Марыдағы Америка адамдарына елші жіберіп, Нинақара қаласына келсін, сол жерде бітім түзелік дейді. Алдындағы соғыста ағылшындардың Александр Ғанри деген офицері елшілікке барған екен. Ол американдар қолында екен. Сол айтады: “Елші кеткен соң американдар “зор тасбақа” деген жанды шақырып алып, ақылдаспақшы болды. Үлкен шатыр тігіп, шатыр тігуші маңайда әлденелер істеп, ұғылмайтын сөздер сөйлеп, шатырдың алдына етпетінен жатты. Сонда шатыр біресе былай, біресе олай қозғалақтады. Оның ішінен әлденеше қорқынышты дауыстар шыққанда жан шақырушы әлгі шатырға жалғыз енді. Сонда “Зор тасбақа” не айтты дегенде жан шақырушы: “Барғанымызды ұнатады. Командашы бізге көп сый беріп қайтарады.
Дереккөз: SöztumarЛицензия: Қоғамдық игілік