- Кел, жастар, біз бір түрлі жол табалық,
- Арам, айла, зорлықсыз мал табалық.
- Өшпес өмір, таусылмас мал берерлік
- Бір білімді данышпан жан табалық.
- Ал, енді, олай болса, кімді алалық?
- Қазақта қай жақсы бар көз саларлық?
- Шын іздесек, табармыз шыны ғалым,
- Күнде күйлей бермелік бозбалалық.
- Сақ болалық, бір шоқып, бір қаралық!
- Қарауылдар мезгіл ғой, тұр, қаралық!
- Жүз айтқанмен, өзгенің бәрі надан,
- Жалыналық Абайға, жүр, баралық!
- Білімді сол кісіден ізденелік!
- «Әдейі іздеп біз келдік сізге» делік.
- «Өмір зая болмастық өнер үйрет,
- Ақылыңды аяма бізге» делік.
- «Көп қуға көзіңізді сүзбе» делік!
- «Ұқпас деп бізден үміт үзбе» делік!
- «Залымдар заң үйретіп адастырды,
- Бізді сал жөнделерлік ізге» делік!
- Тапқан іске таласпай, шын көнелік!
- Жұртқа күлкі болмалық, жөнделелік!
- Арамдықпен, алдаумен күн өткізбей,
- Өтірікке өлгенше, шынға өлелік!
- Бұл Абай саудагер ғой ақыл сатқан,
- Әртүрлі асылы көп өтпей жатқан.
- Тегін білсең –аласың, бос береді,
- Тұстасынан ешкім жоқ мұны тапқан.
- Құрбыласы қулық пен айла баққан,
- Олардан алдамшы деп көңлі қайтқан.
- Енді бізге ақылын көрсетіп тұр,
- Алушы жоқ па екен деп жастар жақтан.
- Алмасақ үміт үзер тағы жастан,
- Өлсек те, ұмтылалық осы бастан.
- Өткізе алмай, еліне қайтса көшіп,
- Қаламыз асыл түгіл ине алмастан.
- Қой, ойлалық шатылып, шатаспастан,
- Оңамыз ба Абайдан бата алмастан?
- Асыл алсақ, асылын аямайды,
- Келді ғой өз еліне сата алмастан.
- Пұлы өтсе, үміті бар қуанбақтан,
- Еңбегім жанды ғой деп жұбанбақтан.
- Абай кетсе, осы елде кім қалады,
- Не табамыз наданнан сұранбақтан?
- Қой, жігіттер, күн болды ойланарлық,
- Білім, әдет, ақылды ойға аларлық.
- Надандықтан еліріп босқа жүрсек,
- Мына заман көрсетер бізге тарлық!
- Өзің біліп біреуге қылсаң жарлық,
- Асыл сол –ақыл, білім бойда барлық.
- Айла, өтірік, арсыздық өнер емес,
- Мен де анаудай болсам деп таласарлық.
- Үлкендерде мінез жоқ танданарлық,
- Олардың қылған ісі – ұрлық-қарлық.
- Арам ойды ақыл деп ардан күсіп,
- Түбінде тартқызбай ма ол бір зарлық?
- Мынау Абай – бір ғалым жол шығарлық
- Замандасы болмады сөзді ұғарлық.
- Амалы жоқ, айналды енді бізге,
- Күн туды етегіне жабысарлық.
- Пұл асылы табылса, қолға алалық,
- Кісі емес ескерусіз бос қаларлық.
- Күнде осындай табылмас бізге басшы,
- Күн болса кейінгіде қозғаларлық.
- Ақыл, білім осындай ар жақтарлық,
- Айласыз, өтіріксіз жан сақтарлық!
- Үзіп-жұлып ұятсыз атанбай-ақ,
- Ақылмен жол табалық ел бастарлық!
- Осыған қазақ бар ма жанасарлық,
- Ғылым, өнер, ақылмен санасарлық?
- Жұрт алмаса, ақылын біз алалық,
- Өзгедей надан емес адасарлық.
- Бұл елде түк ақыл жоқ жарасарлық,
- Рахым ғып бір-біріне қарасарлық.
- Өз Абайын өздері ұнатпайды,
- Шын надан осылар ғой біз қашарлық.
- Мына жұртта мінез жоқ ойланарлық,
- Бізге де заман келер сайланарлық.
- Елге еріп есер, бәңгі атанғанша,
- Ой табалық жақсы атақ байланарлық!
- Ақыл жоқ бұл қазақта ойға ұнарлық,
- Өзін-өзі тексеріп, бой сынарлық.
- Білім іздеп білуге кесел болар,
- Көрсеқызар, к...і ашық бос құмарлық.
- Ойланар уақыт болды бас қосарлық,
- Дұспан көп енді бізге жол тосарлық.
- Арамдықтан көңілді арылталық,
- Ақыл ойлап, алалға қол босарлық.
- Мидағы ой-тамырға жол салалық,
- Жүрекке оймен сынап апаралық!
- Ақ жүректің ғадалат қылған ісін,
- Қабылдауға қызығып қозғалалық!
- Жарасымды мінезді жатқа алалық,
- Жанға қас жамандықтан сақтаналық!
- Арсыз, ғайбат, өтірік, ынсапсыздық –
- Бұлардан бой тасалап ақталалық!
- Аспандап аса бермей шақталалық,
- Аласыздық, адалдық жақты алалық!
- Өтіріктен жалығып, өнер тапсақ,
- Біз сонда жетілдік деп мақтаналық!
- Хош, енді көп наданның тілін алдық,
- Бірімізге біріміз пәле салдық.
- Ой да жоқ, ұят та жоқ, күнде аңдысып,
- Жүргенмен жағаласып не таба алдық?
- Арам ақыл үйрендік айла, амалдық,
- Қулық пен өтірікті сайлап алдық.
- Ынсап, рахым, ұяттан жүген ұстап,
- Өзіміз ең түбінде қайда бардық?
- Елірдік, ерегістік, елді жардық,
- Байлаусыз пайдасы жоқ іс шығардық.
- Бүгін дос, таң атса қас бола қалып,
- Бұлт еттік, мен болдым деп ат аларлық.
- Тыным жоқ, тыныш жүріп мал бағарлық,
- Арыз бердік бас кетіп, айдаларлық.
- «Енді бізге ғадалат айта көр» – деп,
- Өзіміз ақырында қайда бардық?
- Бұл іспен бойға мақтан кірді, паңдық,
- Әркімнің әлі бар деп алар аңдық.
- Жеңгеніміз желіктік желпең қағып,
- Жеңілгенді жер болған атқа таңдық.
- Ортамыздан от жағып, өрт шығардық,
- Көре тұра құтырып, күйіп-жандық.
- Қой, үйтпелік, өзіміз жарасалық!
- Наданмен неге бірге адасалық?!
- Жаман айла, жат мінез пайда бермес,
- Бойдағы мінімізге қарасалық!
- Жаман әдет тастауға ұнасалық!
- Мына мінез қалай деп сынасалық!
- Тұп-тура бетімізге айтысалық,
- Ашуланбай, ақылмен шыдасалық!
- Арсыз, арам айланы тастасалық!
- Адал іске талаппен бастасалық!
- Неде болса білімді ізденелік!
- Надандықпен біржола қастасалық.
- Жалған айтып, біреуге жалынбалық!
- Біз, сірә, үлкендердей қағынбалық!
- Наданға өлсек-тағы бағынбалық!
- Өтірік, өсекке еріп сабылмалық!
- Рахым жоқ, қанағат жоқ, арсыз болып,
- Жас бойға жаман атақ тағынбалық!
- Таза ойлап, татулық іс табалық!
- Жау жоқта, тіпті жауды сағынбалық!
- Адалға әлімізше аяңдалық!
- Арамға аяқ баспай шабандалық!
- Елемесең, есіңе енбейді ақыл,
- Ескерсең, осы сөзім сендерге анық.
- Болмас іске бұртаңдап тырыспалық!
- Бетке айтқанның зәрі жоқ, ұрыспалық!
- Көзге жылпың қөрініп, сыртқа қылпың,
- Артымыздан құр өсек қылыспалық!
- Сөз байласақ, уағдада тұрысалық,
- Сыртымыздан жақсылық қылысалық!
- «Қашқан –жаудан құтылар» деген қане,
- Надандықтан жиреніп, жылысалық.
- Білмегенді білуге тырысалық!
- Жалқаулықты қөңілден сырысалық!
- Босқа күлген күлкіні күйлемелік!
- Шын ақылға мойынды бұрысалық!
- Жақсы білім іздеуге жалықпалық!
- Табылмаса, тарығып, талықпалық!
- Салақтықты қоялық, сақ болалық!
- Білгенді, білмегенді анықталық!
- Ғалым көрсек –әр істі сұрасалық!
- Ондайға басымызды құрасалық!
- Өстіп істеп өзіміз қамданбасақ,
- Бізге ақыл үйрете алмас мына халық.
- Кейде бірге жүрелік, кейде ойналық!
- Ойнап, күліп, кешікпей ой ойлалық!
- Ойынымыз аз болсын, ойымыз көп,
- Оймен талап етпеген іс қоймалық!
- Күнде көздеп, мінезді тексерелік!
- Айланы ақыл демей, сескенелік!
- Адалдың жолында өлсек, арман бар ма?
- Ақты аныққа шығарам деп көрелік!
- Кісіге оны бұрған өкпелелік!
- Тіл алса, «мұны қой» деп ақыл айтып,
- Тыңдамаса, жау көріп кектенелік!
- Білімді неге бойға көп көрелік?!
- Ақтан тауып несіпті жеп көрелік!
- Артық ақыл ойланып таба қалсақ,
- Біз-дағы алушыға тек берелік!
- Надандықпен қарнымыз тоқ демелік!
- Біз білмеген еш ақыл жоқ демелік!
- «Айланы ақыл, арсыздық әдеп қой» деп,
- Арамды алал, асылды боқ демелік!
- Ақылды сол – ынсап пен ар сақтайды,
- Арсыз сол –арамдықпен жан сақтайды.
- Адал сол –таза еңбекпен күнін көріп,
- Жаны үшін адамшылық ар сатпайды.
- Жалғаншылар сөз айтса, «сырым» дейді,
- Біліп қойсаң, «бұ да бір қырым» дейді.
- «Әншейін байқайын деп айтып едім,
- Өтірігімді ұстап па ең бұрын?» дейді.
- Надандар төрт аяқты малға ұқсайды,
- Қаңғырған тамақ іздеп аңға ұқсайды,
- Өз бетімен табатын өнері жоқ,
- Талапсыз, өлі сүйек жанға ұқсайды.
- Бұлар –мәлім, сатып жүр, көрдің мұны,
- Болмайды кімге залал мұның түбі?
- Өздері біреуіне бірі сатсын,
- Алмалық біз қызығып енді осыны!
- Сатады өтірігін шынға жастап,
- Жүрміз деп жарасымды өнер бастап.
- Айналасы белгілі аз ақша ғой,
- Пәлшесін тауысайық жыртып тастап!
- Осы жұрт өтірікпен жүр ту ұстап,
- Айланы не қыламыз берсе уыстап?
- Күні бұрын ондайға жуымалық!
- Орын алып, кетпесін бой қуыстап.
- Айла орнына ақылды жұмысталық!
- Өтіріктің орнына шын ұсталық!
- Жалған айтып, жан сатып, жалынбай-ақ,
- Тура жолда тұрып-ақ тынысталық!
- Өз әкеміз айтса да ұнамалық,
- Ағамыздың сөзі деп тыңдамалық:
- Үйреткені өнер ме, әрекет пе,–
- Өзіміз ортамызда сынға алалық!
- Олар бізге оқы дер қу болмақты,
- Уағдасыз, жалғаншы су болмақты.
- Сыяз сайын әркіммен арпалысып,
- Күнде дау, күнде жанжал, шу болмақты.
- Өнер қылма ар сатып, жалданбақты!
- Ұлық болып, елді жеп малданбақты!
- Біреуді жеп, біреуді табамыз ба,
- Қашан жақсы көруші ек алданбақты?
- Өлсең де ондай сөзге құлақ салма!
- Ардан күсіп, ақылдан құры қалма!
- Әкең түгіл, арғы атаң айтса-дағы,
- Білімі жоқ наданның тілін алма!
- Қулықты біз қылғанмен, ол қылмай ма?
- Бізге де өңкей надан жабылмай ма?
- Айла, арамдық, арсыздық, ынсапсыздық
- Бізге бар да, өзгеге табылмай ма?
- Жамандық күнә болып жазылмай ма?
- Адалдықпен жиған мал бағылмай ма?
- Уағдашыл болған жан өле қалып,
- Өтірікші құдайға шағылмай ма?
- Өмір өнбес бір күнгі қылған жалға,
- Көз тоймас үзіп-жұлып алған малға,
- Жұрттың ісі неге жөн болмасын деп,
- Ой ұнамай, ондайға өлсең нанба!
- Мақтанбалық айламен алдағанға!
- Надан боп, ұқсамалық айуан малға!
- Жан біткеннің бәріне жара салып,
- Жан сақтаған не болар жалғыз таңға?
- Залалы тие берсе мұқым жанға,
- Рахымсыз, қайырымсыз боп қысылғанға,
- Не дүние, не болмаса ақиретте
- Болар-ақ бір қиындық шыбын жанға!
- Залым кісі кірмейді тіпті санға,
- Сынайтұғын бір сыншы табылғанда.
- Білімдігің бит шаққан құрлы болмас,
- Тамам күнәң жиылып жабылғанда.
- Ар қайда? Рахым қайда? Әдеп қайда?
- Быт-шыт боп неге жүрміз әрбір сайда?
- Көз жұмып, «Көппен көрген ұлы той» деп,–
- Береді бұл надандық кімге пайда?
- Білімдіге білімсіз бағынбай ма?
- Іздесе, пендеге жол табылмай ма?
- Ақты қойып, арамды әдет етсек,
- Денеміз дозаққа өзі жағылмай ма?
- Ажал оғы бір күні атылмай ма?
- Тура келсе, тіл тартпай қатырмай ма?
- «Әлхилла ассалата жаназа» деп,
- Ақ кебінге оралып жатылмай ма?
- Қай пенде жолықпайды осындайға,
- Соны ойлап жүрегіміз шошынбай ма?
- «Дүниеде не қылдың, не қойдың?» деп,–
- Алдыңда неше жерде тосылмай ма?
- Жатпалық жалқауланып тіпті жайға,
- Жайлы ақыл ойланалық жанға пайда.
- Кейінгінің қалмалық обалына,
- Сонда мақұл боламыз бір құдайға.
- Осы ел жүр өтірікті үнем қылып,
- Ақты қойып, арамға көңіл бұрып.
- Қудыраңдап, қу, білгіш атанам деп,
- Шығарады бір пәле қарап тұрып.
- Біреуіне біреуі қақпан құрып,
- Аңдаусызда кетем дер бір түсіріп.
- Біле сала қылады о да қулық,
- Аяғы сау жан қалмас сүйтіп жүріп.
- Мақтанады жетілген кісімсініп,
- «Қулыққа қалыппын,– деп,– қатты ысылып».
- «Ел мінезі қолымда санаулы»,– деп,
- Жан біткеннің айласын өзі біліп.
- Айтқанда өтірікті судай қылып,
- Шынды ескерген адам жоқ көзіне іліп.
- «Қу» десең, құлағына бір кірмейді,
- Езуін тастар ма еді, сірә, тіліп!
- Тоқталған бір пенде жоқ қыры сынып,
- Мойнына әбден алған сайтан мініп.
- Айтсаң-ақ, «анау қу» деп жымыңдайды,
- Соған ыза боласың іштен тынып.
- Арамдыққа осы жұрт жүр ұмсынып,
- Аздан бері тым кетті құдай ұрып.
- Білмегені білгеннің тілін алмай,
- Бәрі бірдей шулайды иттей үріп.
- Бір күн біреу жалғанмен жүр құтылып,
- Біреу жүр айламенен үзіп-жұлып,
- Ертең көрсең, екеуі қолға түсіп,
- Кескектеген түлкідей тұр тұтылып.
- Арамдықтан шығады кім сытылып?
- Бір желіксе, кетеді тым құтырып,
- «Жығылған жан күреске тоймас» деген,
- Қарта ойнаған кісідей күнде ұтылып.
- Абай жүр соны мазақ өлең қылып,
- Біреуі ұғар ма деп көзі ашылып,
- Бізге де біразырақ айтқаны бар,
- «Құр қылжақтай берме,– деп,– босқа күліп».
- Ұқсатып, ұнасымды сыйыстырып,
- Жасты да жамандапты қиыстырып.
- Ойын-күлкі – бар қылған мінезіміз,
- Біреуін де қалдырмай жиыстырып.
- Тым туралап айтыпты сұғындырып,
- Білгенге үйретіпті ұғындырып.
- Көріп тұрған мінезді жасырсын ба?
- Әркімге-ақ кеткен екен жұғындырып.
- Сөзбен де, өлеңмен де сабақ беріп,
- Алсын деп керектісін өзі теріп.
- Шиқанымды езгендей шықты жаным,
- Айтқанда естігендер ұғып келіп.
- Шүу дегенде бұл сөзі жанға батты,
- Бұрын ондай көргем жоқ жаманатты.
- Қайырусыз, қағусыз өскен басым,
- Бұлқындым шу асаудай мойны қатты.
- Естіген соң, жүректе түйін жатты,
- Сол түйін тыныштатпай көп ойлатты.
- «Неге мұндай қатты айтты?» – деп ойласам,
- Өлеңінің сырты ащы, іші тәтті!
- Жаны ашып, жақсы соқпақ тазалапты,
- «Жігерленсін, білсін» деп табалапты.
- «Жоба көрмей, жүгенсіз кетпесін» деп,–
- Қатты сөзбен қайырып қамалапты.
- Енді ойладым «қайратқа мінейін» деп,
- «Білімдінің қадырын білейін» деп.
- «Ақыл сөзбен арқама күнде ұрғызып,
- Талаппен түзу жолға кірейін» деп.
- «Мен неге күлкі болып жүрейін» деп,
- «Өзім біліп, біреуге күлейін» деп.
- «Шын наданға атар таң болмайды екен,
- Білім іздеп, құдайдан тілейін» деп.
- «Білмекке талап етіп көрейін» деп,
- «Шын сөзге көңілімді бөлейін» деп,
- «Надан болып қорлықты көргенімше,
- Естінің айтқанымен өлейін» деп.
- Үлкендер ұмтылмайды «ұғайын» деп,
- «Мен-дағы бұл қылықтан шығайын» деп.
- Айтқан сайын аяғын кер басады,
- Құлағына мақтаны тығайын деп.
- Құмары – қулықпенен жығайын деп,
- Айламен аяғыма бұғайын деп,
- Бәрі ішінен қанжарын байланып жүр,
- Көрінгеннің көзіне сұғайын деп.
- Халалға ойламайды шыдайын деп,
- Арамның түбі болар уайым деп.
- Күнде жау боп, күрілдеп, жұлысады,
- Тек отырған бір жан жоқ «Құдайым» деп.
- Байладым белді бекем буайын деп,
- Жүректі адалдықпен жуайын деп.
- Талпынған мақсат іздеп мақрұм қалмас,
- Адамдық ғылым жолын қуайын деп.