- Өнер-білім бар жұрттар
- Тастан сарай салғызды;
- Айшылық алыс жерлерден,
- Көзіңді ашып-жұмғанша,
- Жылдам хабар алғызды.
- Аты жоқ құр арбаны
- Мың шақырым жерлерге,
- Күн жарымда барғызды.
- Адамды құстай ұшырды;
- Мал істейтін жұмысты
- От пен суға түсірді;
- Отынсыз тамақ пісірді,
- Сусыздан сусын ішірді.
- Теңізде жүзді балықтай,
- Дүниені кезді жалықпай,
- Білгендерге осылар
- Бәрі-дағы анықтай,
- Білмегенге танықтай;
- Біз де бекер жатпалық,
- Осыларға таныспай;
- Ат өнері білінбес
- Бәйгеге түсіп жарыспай;
- Желкілдеп шыққан көк шөптей
- Жаңа өспірім достарым,
- Қатарың кетті-ау алысқа-ай,
- Ұмтылыңыз, қалыспай.
- Біз надан боп өсірдік
- Иектегі сақалды.
- Өнер — жігіт көркі деп
- Ескермедік мақалды.
- Біз болмасақ, сіз барсыз,
- Үміт еткен достарым,
- Сіздерге бердім батамды.